«Шуақты шұғылалы Шуым менің!» тақырыбында танымдық әдеби кеші өтті.

26 мамыр күні Кітапхананың зағип және нашар көретін азаматтарға арналған бөлімінің ұйымдастыруымен, Шу ауданының Құрметті азаматы, ақын-журналист Ахметжан Ақбұқаұлы Қосақовтың 75 жылдық мерейтойына орай, «Шуақты шұғылалы Шуым менің!» тақырыбында танымдық әдеби кеші өтті. Кешке бөлім оқырмандары мен мектеп оқушылары, кітапханашылар қатысты. Ахметжан Қосақов «Мәуелі бәйтерек», «Он жетіде от кешкен», «Өткірдің жүзі», «Ар әмірі», «Арман», «Шындықтың шынары» атты кітаптардың авторы. Кеште ақынның туған жерге арналған, түрлі әлеуметтік мәселелерді көтеретін бай мазмұнды, терең мағыналы өлеңдері оқылды. Атап айтсақ, Әль Фараби атындағы орта мектебінің 4 сынып оқушысы, А.Боранбай ақынның «Ерке немерем Ескендірге» атты өлеңін жатқа оқыса, Кітапхана қызметкері А.Тоқашева «Шуым менің», мектеп оқушылары «Ерке сылқым», «Тәуелсіз елім» атты өлеңдерін оқыды. Оқушылар тарапынан ақынға көкейлерінде жүрген сұрақтар қойылып, жауаптары айтылды. Бөлімнің белсенді оқырманы Б.Қасымқұлов ақын ағаға деген ізгі тілегін білдырді. Кітапханашы А.Бұлашбекова «Туған жер», «Алғыс» әндерін тамылжыта орындады. Кеш соңынан Ахметжан аға кітапхана ұжымы мен оқырмандарға алғысын айтып, ризашылығын білдірді. ОКЖ директоры Б.Алжанбаева ақын ағаға шығармашылық табыс тілеп, «Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы» көру қабілеті бұзылған азаматтар арасында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, «Біз жеңістің ұрпақтарымыз» атты республикалық эсселер байқауына қатысып І орынды иеленген А.Қосақовқа марапаты мен бағалы сыйлығын тарту етті. Бұл кеш өте тартымды, адамға рухани нәр силаған, әсері мол кездесу кеші болды.