«Қазақтың қайсар ғалымы» атты танымдық сағат өтті.
9 қаңтар күні №1 Шу қалалық кітапхана қызметкерінің ұйымдастыруымен Төле би атындағы орта мектебінің 9-сынып оқушыларының қатысуымен көрнекті ғалым, жазушы, әдебиет зерттеушісі Қайым Мұхамедхановтың 110 жылдық мерейтойына орай «Қазақтың қайсар ғалымы» атты танымдық сағат өтті.
Іс-шараның мақсаты — оқушыларға Қайым Мұхамедхановтың өмір жолы мен шығармашылығы жайлы кеңінен мағлұмат беру, ұлтқа сіңірген еңбегін насихаттай отырып, оқушылардың патриоттық сезімін ояту және туған елге, жерге деген құрметтерін арттыру.
Шара барысында кітапханашы Қайым Мұхамедхановтың өмірінен, оның қуғын-сүргін жылдарында бастан өткерген қиындықтары мен ұлт руханиятына қосқан үлесі туралы терең сыр шертіп, ғалымның өлеңдерінен үзінділерді нақышына келтіріп оқып берді. Сонымен қатар оқушыларға арнап жазушының еңбектеріне шолу жасалып, шығармаларының маңыздылығы талқыланды.
Танымдық сағат оқушылардың тарихи танымын кеңейтіп, ұлт тұлғаларына деген құрметін арттырды.




