«Цифрлық дәуірде кітапхана рөлі: Болашақ трендтер» тақырыбында облыстық форсайт сессиясы өтті.
16 қазан күні Шу аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Цифрлық дәуірде кітапхана рөлі: Болашақ трендтер» тақырыбында облыстық форсайт сессиясы өтті.
Іс-шараның мазмұнды бөлігі «Шуым – шежірем, туған өлкем – тұмарым» атты әдеби-музыкалық композициямен басталды. Жасанды интеллект көмегімен кітапханашы мен оқырман арасындағы диалог ұсынылып, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы және басқа да ақын-жазушылардың шығармаларынан үзінділер оқылды. Сонымен қатар, кітапхана қызметкерлері «Ұлы жүздің төбе биі – Төле би» атты сахналық көрініс ұсынды.
Форсайт сессиясын Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы Сұлтанбаев ашып, қатысушыларға құттықтау сөз сөйледі. Сессия модераторы – Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Елеусізқызы Абдинова.
Іс-шара барысында кітапхана саласын цифрландыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, ұлттық мұраны сақтау және оқырмандардың оқу сауаттылығын дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.
Сессия аясында өзекті тақырыптар бойынша баяндамалар ұсынылды:
«Деректерге негізделген цифрлық трансформация: ЖИ көмекшілері және аналитикалық дашбордтар» тақырыбында Жамбыл облысының жобалық басқару және цифрландыру орталығының деректерді басқару және жасанды интеллект бөлімінің инспекторы Молдахан Жандос Жеңісұлы баяндама жасады.
«Ұлттық мұраны жаңғыртудағы ЖИ мүмкіндіктері» тақырыбында Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі Ақмахан Ғазиза Оңалбекқызы сөз сөйледі.
«Кітапхананың жаңа келбеті: цифрлық формат және жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітапхана істерін автоматтандыру бөлімінің меңгерушісі Жақыпбекова Гүлбану Боранбайқызы баяндама ұсынды.
«Оқимын, түсінемін, сезінемін: оқу сауаттылығы және психология» тақырыбында педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, психолог Тайғанбекова Шынар Мәлімбайқызы мазмұнды баяндама жасап, қатысушыларға арналған тәжірибелік тренинг өткізді.










