«Отаным деп соқсын жүрегім!» тақырыбында кездесу кешін өткізді.

16 мамыр күні №1 Шу қалалық кітапхана қызметкерлері «Туған жер – тұнған тарих» атты кітапханалық жоба аясында «Отаным деп соқсын жүрегім!» тақырыбында кездесу кешін Ы. Алтынсарин атындағы орта мектебінің акт залында өткізді. Кездесу кешіне атақты ақын бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып келе жатқан танымал талантты жерлес-ақын Орманқұлов Қуат Мұхтарұлы және ауданымыздың мәдениет саласының өркендеуіне өзіндік үлесі бар сазгерлер Мырзақұлов Нариман Сүндетұлы және Азаматов Ермахан Қожағұлұлы шақырылылды. Кеш шымылдығын Ы. Алтынсарин атындағы орта мектебінің директоры Айгүл Серікқызы ашып берді.

Шара барысында кеш қонақтарының өмірі мен бірлесіп шығарған шығармашылық жұмыстары таныстырылды. Кеш қонақтары өздерінің өнер жолы мен шығармашылық ізденістері жайлы жан-жақты сыр қозғап, жас оқырмандардың сүбелі сұрақтарына жауап берді. ҚР Мәдениет қайраткері, ауданымыздың жезтаңдай әншісі Жанат Досжанова мен ауданымыздың танымал әншісі Бауыржан Үйсінбаев Шу қаласының 60 жылдығына және Шу ауданының 90 жылдығына арнайы жазылған қос автордың «Шырайлы Шу шаһары», «Жауынгер» атты әндерін тарту етсе, қос талантты ағамыздың сөзі мен әніне жазылған «Тәуелсіз елім мәңгілік» атты әнді автор өзі орындады. Сондай-ақ Қуат Орманқұлов пен Ермахан Азаматовтың бірлесе жазған «Кербұлақ» атты әні де көрмендердің көңілінен шығып, Ермахан Азаматовтың авторлық «Шуақты Шу», «Жеңешем», «Сүйкімдісін» атты әндері шырқалды. Кеш соңында кітапханашы «Туған ел – тұнған тарих» атты кітап көрмесіне шолу жасап, кеш қонақтарына аудандық орталықтандырылған кітапханасы атынан сый-сияпат табысталды.