Ең үздік ауылдық кітапхана» облыстық байқауы
2 қазан күні Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы шеңберінде ауыл кітапханаларының өңір тұрғындарына бүгінгі заман талабына сай кітапханалық қызмет көрсету деңгейін анықтау мақсатындағы «Ең үздік ауылдық кітапхана» облыстық байқауына Шу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Шоқпар ауылдық кітапханасы қатысып, Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерей тойына орай «Абай- дана, Абай-дара қазақта» тақырыбында әдеби әуенді кеш өтті. Кешке арнайы Ш. Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директоры Абдинова Эльмира Елеусізқызы бастаған кітапхана қызметкерлері мен Шу аудандық орталық кітапхана директоры Б.Алжанбаева, Шоқпар ауылдық округінің әкімі мен кітапхана оқырмандары және ауыл тұрғындары қатысты. Кеш «Абай- дана, Абай-дара қазақта» тақырыбындағы көрініспен ашылып, кітапхана оқырманы Рланов Бағдаттың орындауындағы «Айттым сәлем қаламқас» әнімен жалғасын тапты. Іс-шара барысында оқушылар ақынның «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Ғылым таппай мақтанба» өлең жолдарын нақышына келтіріп айтып, «Заман ақыр жастары», «Сегіз аяқ» әндері шырқалып, кітапханашылардың орындауында хор «Желсіз түнде жарық ай» әні оқырмандар назарына ұсынды. Шоқпар ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ж.Касенова «Абай әлемі – адамзаттың мұрасы» тақырыбында кітап көрмесі мен фото көрмемен таныстырып өтті. Кеш соңында сөз алған Шоқпар ауылдық округінің әкімі Ильясов Нұрлан Мырзақұлұлы құттықтау сөз сөйлеп, кітапханашыларға шығармашылық табыс тілесе, кітапхананың тұрақты оқырманы, аналар алқасының төрайымы Жаманбалаева Шәрипа кітапхана мен кітапханашыға айтылған жылы лебіздері жанға жайлы әсер етті.
Шараның мақсаты: Оқырмандарды Ұлы ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, ақынның даналығын, рухани асыл мұраларын насихаттап, өлеңдерін, әндерін мәнерлеп айтқызу. Көркем сөйлеуге, өз бетімен іздене білуге, шығармашылықпен жұмыс істеуге көмектесу.




