«Ауғанның от жалыны» атты ардагерлермен кездесу кеші өткізілді.

13 ақпан күні Ауған соғысы Кеңес Одағы кезіндегі қайғылы тарихи оқиғалардың бірі. Биыл 15 ақпан күні Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толмақ. Осы орайда №1 Шу қалалық кітапханасында «Ауғанның от жалыны» атты ардагерлермен кездесу кеші өткізілді. Кездесу кешіне өмірінің өлшеулі бір бөлігін, жалындаған жастық шағының жартысын оқ пен от арасында өткізіп, елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан интернационалист-жауынгерлер, атап айтқанда Исатаев Ержан және Көпжасаров Талғат шақырылып, Жібек жолы мектеп-лицейінің және Абай атындағы орта мектеп оқушылары қатысты. Аталмыш шара ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан боздақтарды 1 минут үнсіздікпен еске алумен бастау алып, өз кезегінде Ауған соғысының ардагерлері Ауғанстандағы әскери қызметі туралы естеліктермен бөлісті. Оқырмандар ардагерлерге арнап ән шырқап, өлең оқып, күй тартып берді. Кеш соңында орталық кітапхананың атынан ардагерлерге естелік сыйлықтар ұсынылды. Мақсаты: Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету, жат жерде көз жұмған жерлес азаматтарды еске алу және жастарға патриоттық тәрбие беру.