«Қаламы сырлы жазушы» атты дауыстап оқу өтті.
5 қазан күні Кітапхананың зағип және нашар көретін азаматтарға арналған бөлімінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, көркемсөз өнерінің шебері Сайын Мұратбековтің туғанына 90 жыл толуына орай, «Қаламы сырлы жазушы» атты дауыстап оқу өтті. Жазушы Сайын Мұратбеков – қазақ көркем әдебиетіндегі қашан да қайталанып оқыла беретін қаламгердің бірегейі. Сөз зергері Ғабит Мүсірепов Сайын Мұратбеков прозасын алыстан көрінетін жас талға теңейді. Тахауи Ахтанов сыршыл лиризмнің сырбаздығына таңғалады. Шерхан Мұртаза «Сайын – біздің ұлттық құндылығымыз» дейді. Смағұл Елубай Сайынның қазақ әңгімесін жаңа белеске көтергенін атап өтсе, әдебиет сыншысы Бақытжан Майтанов «Әңгімелері мәңгілік даңқтың иелігіне шақыру алған» деп баға берген.С.Мұратбеков – қазақ прозасына өзіндік өрнек әкелген жазушы. Оның шығармаларында ауыл өмірі, адам тағдыры, бала өмірінің шынайылығы көрінеді. Мақсаты: Қазақ жазушысы Сайын Мұратбеков шығармашылығын насихаттау, оның туындылары арқылы оқырмандарды туған жерді сүюге тәрбиелеу.

