«Мұраты биік суреткер Қабдеш Жұмаділов» атты дөңгелек үстел өткізілді.

14 қыркүйек күні №1 Шу қалалық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында қазақтың көрнекті жазушысы, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылық мұрасын насихаттау мақсатында «Мұраты биік суреткер Қабдеш Жұмаділов» атты дөңгелек үстел өткізілді.

Іс-шара барысында оқушыларға жазушының өмір жолы мен шығармашылық қызметі туралы кеңінен мәлімет берілді. Қабдеш Жұмаділовтің қазақ әдебиетіне қосқан үлесі, ұлттық құндылықтарды дәріптеуі және тарихи тақырыптарды көркем шығарма арқылы шебер жеткізуі жайында сөз қозғалды.

Сонымен қатар жазушының шығармаларындағы ел тарихы, туған жер, ұлттық болмыс пен адам тағдыры тақырыптарына тоқталып, оқушылар өз ой-пікірлерімен бөлісті. Кездесу барысында Қабдеш Жұмаділовтің әдеби мұрасының жас ұрпаққа берер тәрбиелік мәні мен маңызы атап өтілді.