«Тәуелсіздік тұғырым – ұзақ болсын ғұмырың» атты мультимедиялық шежіре өтті.
12 желтоқсан күні Ақтөбе ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік тұғырым – ұзақ болсын ғұмырың» атты мультимедиялық шежіре өтті.
Іс-шара барысында оқушыларға Тәуелсіздіктің мәні мен маңызы кеңінен түсіндіріліп, бұл күн – бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманы, азаттық жолындағы күресінің нәтижесі екені айтылды. Тәуелсіздік — таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан киелі ұғым, ұлттың рухани өзегі екені ерекше атап өтілді.
Іс-шарада оқушылар Тәуелсіздіктің шежіресі мен тарихи сәттерден құралған бейнематериалдарды тамашалап, ел тарихы туралы мағлұматтармен танысты. Сонымен қатар, ел рәміздері мен тарихи оқиғаларға қатысты сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін ортаға салды.
Мақсаты: оқырмандарға еліміздің егемендікке жету жолындағы тарихи кезеңдерін жан-жақты таныстырып, Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін түсіндіру, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру.




